Ақмола облысы
Зеренді ауданы
Зеренді ауылы
«Балауса» бөбекжайы»
(Тақырыптық сағат)
«Тұлпар» мектепалды даярлық тобы
Өткізген: Ахметбекова А.С.
2021 жыл
Тақырыбы: «Ғарышкерлер күні»
Мақсаты: Балаларға ғарыш, ғарыштық ұшулар,Байқоңыр ғарыш айлағы туралы түсінік беру. Қазақстанның тұңғыш ғарышкерлері туралы түсінік бере отырып,балалардың ғарыш әлеміне қызығушылығын арттыру. Балалардың байланыстырып сөйлеуін,көркемдік талғамын, шығармашылық қабілетін арттыру.
Көрнекі құралдар: иллюстрациялық суреттер,слайд.
Қолданылатын әдіс – тәсілдер:әңгімелеу, таныстыру, сұрақ – жауап,жұмбақ шешу,тақпақтар,ойын
Жылулық шеңбері:
Арайлап таң атты
Алтын сәуле таратты
Жарқырайды даламыз
Жайнай түссін қаламыз
Қайырлы таң,балалар!
Қайырлы таң, апайлар!
Слайд жүргізіліп,әнұран орындалынады.
Тәрбиеші:- Балалар бізде қазір қандай жыл мезгілі?
Балалар:- Көктем.
Тәрбиеші:- Балалар, біз қай ғаламшарда өмір сүріп жатырмыз?
Балалар:-Жер - біздің тұрып жатқан мекеніміз, ортақ үйіміз.
Тәрбиеші:Ал жоғарыда біздің үстімізде не бар?
- Балалар, сендер түнгі аспанды көрдіңдер ме?
- Сендерге түнде аспанға қарау ұнайды ма?
Балалардың жауаптары.
Тәрбиеші:Маған да ұнайды.Түнгі аспан әдемі, сиқырлы сияқты. Қалай ойлайсыңдар жұлдыз деген не? Олар неге ұқсайды?
Тәрбиеші:Дұрыс, балалар, біз жұлдыздарға қарағанда олар кішкентай ұсақ болып көрінеді. Өйткені олар өте биік жоғарыда орналасқан. Жарайсыңдар!
(Есік қағылып, хат тасушы хат әкеліп береді)
Тәрбиеші:Балалар, қараңдаршы бізге хат келіпті,қане оқып көрейін ішінде не жазылған екен?
-Міне, қызық хаттың ішінде жұмбақтар бар екен, жұмбақтың жауабын тауып көреміз бе?
Жұмбақтар:
Таңмен көзін ашады,
Әлемге нұрын шашады.(Күн)
Күндіз бәрі қашады,
Түнде аспанды басады. (Жұлдыз)
Ұшады қанатсыз
Зырлайды аяқсыз (Зымыран)
Көлде жүрген ақ үйрек,
Түнде бар да, күндіз жоқ. (Ай)
Тәрбиеші:Жарайсыңдар балалар!Олай болса балалар күн, жұлдыз, ай барлығы қайда орналасқан?
Балалар:Аспан әлемінде.
Тәрбиеші: Балалар.бүгінгі біздің сабағымыз өте қызықты болмақ,өйткені біз аспан әлемі,ғарыш туралы әңгімелесетін боламыз. Жерді қоршаған бүкіл дүние – Ғарыш деп аталады екен, Ғарыш әлемі кең байтақ!Оны адамзат әлі толығымен зерттеп болған жоқ. Ғарыш әлемінде көптеген ғаламшарлар бар. Меркурий, Венера, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, Плутон. (суреттері көрсетіледі)
Тәрбиеші:Ал ғарышқа кімдер ұшады?
Балалар:Ғарышкер
Тәрбиеші:-Дұрыс айтасыңдар, балалар!Ғарыш әлеміне ұшатын, оны зерттейтін адамдарды ғарышкер дейміз. Мына суретте ең алғаш ғарышқа ұшқан адам. Ол Кеңес Одағының батыры Юрий Гагарин.Ол 1961 жылы 12 сәуірде алғаш ғарышқа ұшты. Сол күннен бастап 12 сәуір «Ғарышкерлер күні» деп аталады. Осы ұзақ уақыт ішінде ғарышкерлер ғарышқа ұшып, көптеген зерттеулер жасады. Солардың ішінде біздің қазақ еліміздің ғарышкерлері де бар.Ғарышқа ұшқан қазақ батыр ағаларымыз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев.Біздің Талдықорған қаласының,Өтенай ауылының тұрғыны,жерлесіміз Айдын Айымбетов ағамыз да Қазақстан ғарышкері,халық қаһарманы.
(суреттері көрсетіледі)
-Балалар,қане осы ғарышкер ағаларымыз туралы қандай тақпақтар білеміз?
Бүгін Юрий ағаның
Ұшқан күні ғарышқа
Мен аспанға қараймын
Мен ғарышкер боламын
Ғарыш сондай алыс па?
Аспан, аспан арайлым,
Саған жиі қараймын
Сені көзбен шоламын
Көкке ұшамын
Ұшқыш болар баламын
Соңынан ерем ағаның
Ер ғарышкер ағаның
Батыр болам -
Көк аспанда сүйемін.
Жұлдыздарға барып - келіп жүремін.
Ғалым болам десеңіз,
Білімді жина басынан.
Ғарышқа ұшам десеңіз,
Шынықтыр дене жасыңнан.
Тоқтар ұшты ғарышқа,
Талғат болды ғарышта.
Таңғалдырып қазағым,
Тағы ұшса марсқа.
Аспан, аспан, арайлым,
Саған жиі қараймын,
Сені көзбен шоламын,
Мен ғарышкер боламын.
Тәрбиеші:Жарайсыңдар,балалар!Ғарышкер болу үшін қандай болу керек?
Балалар:Денсаулығы мықты,өзі батыл, әрі білімді болуы керек.
Тәрбиеші:Дұрыс айтасыңдар,балалар!
Тәрбиеші:Балалар,ғарышқа ұшу үшін қандай көлік керек?
Балалар:Зымыран
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, «зымыран» қажет.Зымыран ұшатын жерді «ғарыш айлағы» деп атайды. Ғарыш айлағы біздің Қазақстанда Байқоңыр қаласында орналасқан. Барлық зымырандар осы қалада орналасқан ғарыш айлағынан ұшады. (балаларға видио көрсету)
Тәрбиеші:- Балалар сендер қалай ойлайсыңдар, ғарышкер ғарышта жүргенде зымыран ішінен шығады ма?
Иә шығады, өйткені олар жұмыстарын жасайды, зерттейді, әр түрлі планетаны зерттеп ашық аспанда жүреді.Бірақ балалар аспанда ауа жоқ, өте ыстық, ал ғарышкерлерге скафандр деген киім көмектеседі, арнайы ауасы бар, ыстықтан қорғайтын киім.Мына суретте ғарыштағы адам,ол үстіне арнайы киім скафандр киген. Ғарыш кеңістігінде ауа жоқ,сондықтан ол жақта тек осындай
арнайы киіммен ғана жүруге болады. (суреті көрсетіледі)
-Балалар ғарышкерлер ғарышта ұзақ жүреді, ал олар қалай тамақтанады, не жейді, от жағып пісіре ме?(Балалардың жауабы)
Тәрбиеші: Ғарышкерлерге әдейі арналған зымыранмен тамақ әкелінеді, тамақ оларға жабық түрде, езілген түрде, тіс пастасының қорабы сияқты қорапта беріледі, шай, суда солай әкелінеді, соны сығып жейді.
Дидактикалық ойын: «Жұлдызды аспан әлемі»
Ойын шарты: балалардың алдына аспанда болатын және жерде болатын
денелердің арасынан тек аспанда болатын денелерді табу. Мысалы: гүл жерде, ай аспанда т.б.
2-топқа бөлініп шығармашылық жұмыс жасау.
1-топ:Қара түсті қағазға планеталарды жабыстырады.
2-топ:Майшам мен субояуды қолдану арқылы ғарыш әлемін салады.
Қорытындылау.
Сұрақ-жауап арқылы ұйымдастырылған оқу қызметін пысықтау.
-Ғарышкер деген кім?
-Біздер қандай ғаламда тұрамыз?
-Ғарышқа ұшқан орыс азаматы кім?
-Қазақ елінен ұшқан ғарышкерлер кімдер?
-Ғарышқа киетін киімді не деп атайды?
-Неге арнайы киім киеді?
Ал балалар сендер ғарышкер болғыларың келе ме?
-Ендеше мына тұрған зымыранға өз фото суреттеріңді жабыстырып ұшыртып көрейік!( балалар фото жабыстырады)
-Ал балалар қанеки ұшыртайық,қоштасайық!
-Балалар зымыранның астында сендерге арналынған сыйлық жатыр екен,қанеки сендерге таратып берейін.